
Бүгін, 15 қараша күні Сәтбаев Университетінде «Ғылымның өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық практикалық интернет-конференция ашылды.
Белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің 75 жылдық мерейтойына арналған конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзбен ашты. Конференция 2 күнге созылады. Конференция жұмысына әлемнің 17 елінен келген бизнес өкілдері, ғылым және білім беру саласының өкілдері қатысады.
Құттықтау сөз сөйлеген министр Саясат Нұрбек конференция қонақтары мен қатысушыларды ғылым саласындағы маңызды оқиғалардың бірімен құттықтады. Сондай-ақ ол Қазақстан ғылымына қосқан орасан зор үлесі үшін техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевке алғыс айтып, құрмет білдірді.
«Сәтбаев Университеті – университет ғылымының табысты және жарқын үлгісі бола алады. Кенжәліұлы Бағдәулет Кенжалиев – университеттің ғылыми-зерттеу ортасының негізін қалаушылардың бірі. Бағдәулет Кенжәліұлы, сіз отандық ғылымның дамуына зор үлес қостыңыз. Сіздің іргелі еңбектеріңіз бен зерттеулеріңіз, атап айтқанда, Сіздің басшылығыңызбен маркалы селен алудың бірегей әдістері әзірленгенін, бұл елімізде химиялық элемент өндірісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бергенін атап өткім келеді», - деді министр.
Конференция барысында Сәтбаев Университеті мен Корея, Ресей, Қытай, Малайзия, Индонезия елдерінің шетелдік университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады.
Конференция жұмысының нәтижесінде жаңа халықаралық білім беру бағдарламалары, қос дипломды білім беру және бірлескен ғылыми жобалар жасалады.
Конференцияның екі күндік бағдарламасы кенді және техногендік шикізатты байыту саласы бойынша инновациялық технологияларға, түсті, асыл, сирек және өте сирек кездесетін жер металдардың металлургиясына, перспективалы функционалдық материалдар мен жабындыларға, сондай-ақ техника саласындағы әртүрлі процестердің математикалық үлгілеріне арналады.
Баяндамалардың нәтижелері конференцияның электронды форматта жарияланатын жинағында жарық көреді.
Конференцияға Journal of Engineering Researcher and Lecturer, Teknomekanik, Минералды шикізатты кешенді пайдалану, International Journal of Academic Studies in Scence and Education (Түркия) және Consortium of Malaysian Universities Associates сияқты халықаралық беделді ғылыми журналдар қолдау көрсетуде.
Конференция жұмысына Сәтбаев Университетінің жаңа инновациялық инфрақұрылымын қарау және шетелдік қатысушыларға арналған мәдени бағдарлама кіреді.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиев – Сәтбаев Университетінің Металлургия және байыту институтының директоры қызметін белсенді түрде атқарып жүрген белгілі ғалым, осы конференция ғалымның мерейтойына арналды. Ол түсті және бағалы металдар гидрометаллургиясы саласындағы ұлттық ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі, 500 жарияланымның, оның ішінде металлургия және байыту саласы бойынша 165 мақаланың, халықаралық конференциялар мен конгресстерде оқылған 49 баяндаманың, 7 монографияның, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Германия және АҚШ елдерінде ғылыми өнертабыстарына берілген 88 патент пен авторлық құқық куәліктерінің авторы. Ғалым металлургия және байыту, Қазақстанның кешенді, полиметалл шикізатын өңдеу және жаңа материалдар өндіру саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2019), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.