ЕҰУ студенті Әлімжан Аяповқа ҚР Президентінің алғыс хаты табысталды

ЕҰУ студенті Әлімжан Аяповқа ҚР Президентінің алғыс хаты табысталды

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 18 жастағы студенті Әлімжан Аяпов Ханчжоу қаласында өткен IV пара Азия ойындарындағы жоғары жетістігі үшін ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды. Дарынды шахматшы командалық есепте шахматтан қола медальға қол жеткізген болатын.

Жарысқа Қазақстан, Индонезия, Филиппин, Иран, Үндістан, Корея, Таиланд, Қырғызстанның 26 мықты шахматшысы қатысты. Жарыс классикалық 7 турдан және рапидтік турнирдің 7 турынан тұрды.

Президент өзінің Алғыс хатында жас шахматшыға халықаралық жарыстарда алдағы уақытта да жүлдеге ие болып, еліміздің абыройын асқақтата беруге тілек білдірді.

Сонымен қатар, ЕҰУ студенті Қарағанды облысы әкімдігінің қаржы сертификатының иегері атанды.

Қазір Әлімжан «Экономика және кәсіпкерлік» бағыты бойынша бірінші курста білім алады. Талантты жігіт 7 жасынан шахмат ойнайды. Ол спорт шеберіне кандидат және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атағын иеленген.

Енді Әлімжан 2026 жылы Жапонияда өтетін келесі Азия ойындарына дайындалуда.