
Сәтбаев университетінде «Жастықтың алауындай, жүректің қарауындай «Дос-Мұқасан» атты республикалық ән фестивалінің гала-концерті дәстүрлі түрде өтті.
Фестиваль 1967 жылы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Satbayev University) студенттері құрған «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналды.
Биылғы фестивальға 10 университеттен 24 шығармашылық топ қатысты. Осы фестивальға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген студенттер келді. Конкурс бағдарламасында әйгілі ансамбльдің әндері тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар корей және француз тілдерінде де шырқалды.
Қатысушылардың өнерін «Дос-Мұқасан» ансамблінің арт-директоры Данияр Құсайынов, ҚР еңбек сіңірген қызметкер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің дирижері Жанас Бекентұров және басқа да белгілі өнер шеберлері бағалады.
«Студенттік шақ – адам өміріндегі ең бақытты кезең, өйткені адамдар арасында сол кезде қалыптасқан достық, бауырмалдық қарым-қатынас ғұмыр бойы сақталады Мұны фестивальға қатысқан жандардың бәрі де сезінді», – дейді «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым Досым Сүлеев.
Әртүрлі номинациялар бойынша жеңіп шыққан жеңімпаздарға дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. Бірінші орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Viva» вокалды-аспаптық ансамблі жеңіп алды.