Мақсаты бардың мүмкіндігі шексіз

Мақсаты бардың мүмкіндігі шексіз

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығы жұмыс істейді.

Орталық студенттері білім, ғылым, өнер, спорт салаларында өздерін көрсетіп, халықаралық байқауларда жоғары нәтижеге жетіп жүр.

Солардың бірі - Дулати университеті, «Әлеуметтік психология» мамандығының 3-курс студенті Әсел Мұсаева.

Әсел жуырда Чехия мемлекетінің астанасы Прага қаласында өткен арбадағы би спортынан халықаралық жарысқа еліміздің атынан қатысып, I орынды жеңіп алды. Жарысқа барлығы 15 ел қатысты. Одан бөлек спортшымыз Санкт-Петербург қаласында өткен біріншілікте қола жүлдені жеңіп алса, Атырау қаласында өткен республика чемпионатында I орынды қанжығалап қайтты.

Әсел Қайбуллақызы биден бөлек ұлттық ойын тоғызқұмалаққа да қатысады. Спорттың бұл түрінен Астана қаласында өткен жарыстан I орын иеленген болатын.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасау» тақырыбында ғылыми жоба бойынша жұмыс істейді. Мақалалары шетелдік басылымдарда жарық көрді.

Дарынды, талапты әрі жігерлі студентіміздің басты мақсаты – спорт саласында жетістікке жетіп, спорт шебері атану.

Әсел білікті маман болып, адамдардың психологиялық жайын ұғып, жанын емдеуді көздейді.