
Дулати университетінде ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша «Жамбыл облысындағы ғылым мен кәсіпкерлікті интеграциялау мүмкіндіктері» атты форум ұйымдастырылды.
Форумның мақсаты – гранттық қаржыландыру аясында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын университет ғалымдары мен Жамбыл облысының кәсіпкерлерімен бірлесіп жүзеге асыруға ықпал ету.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ мен Дулати университетінің ұйымдастыруымен өтті. Екі күнге созылған шараға Жамбыл облысының кәсіпкерлері, банк директорлары, компания басшылары, Дулати университетінің ғылыми қызметкерлері қатысты.
«Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров ғалымдардың ғылыми жұмысын коммерцияландыруда өзекті мәселелер туралы айтып берді. Жыл сайын ғылым саласына мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі артып келетінін айтқан департамент директоры ғалымдар тарапынан үздіксіз ізденіс пен белсенділік керегін баса айтты.
Құрманғазы Омаров ғылым мен бизнесті байланыстыру мақсатында ұйымдастырылған жиын ғалымдар үшін пайдалы боларына сенім білдірді.
«Дулати университеті ғалымдарының патенциалы жоғары. Экономикасы дамыған мықты елдердің қатарына қосылуда ғылым жетекші рөл ойнайды. Біздің қор отандық ғалымдарымыздың жобаларын, өнертабыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз гранттық қаржыландырудың қолжетімді екенін көрсету», - деген Құрманғазы Омаров гранттық қаржыландырудың талаптарын айтып берді.
Бір жобаны 350 млн теңге көлемінде қаржыландыратын мүмкіндік бұған дейін болмағанын және осы мүмкіндікті сәтті пайдалану керегін жеткізді. Ғалымдар мен бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды.
Форум аясында Оффлайн-питч ұйымдастырылып ішкі конкурсқа қатысқан ғалымдардың ғылыми әзірлемелері таныстырылды. Облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен форумның жалғасында бизнес пен ғылымның байланысын нығайту мәселесі жан-жақты талқыланды.