Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің бастамасымен Железин ауылында қыздарға арналған педагогикалық бағыттағы «Хұсни» гимназиясы ашылуда.
Айта кету керек, гимназия қазақтың тұңғыш ұстазы Хұснижамал Нұралыханованың есімімен аталады. Жәңгір ханның үлкен ұлы Зұлқарнайдың қызы Хұсни-Жамал Қазан Земство мектебін бітірген. Ол ХІХ ғасырдың аяғында қазақ қыздарына арналған тұңғыш мектеп ашып, халық ағарту ісіне зор үлес қосты.
Марғұлан Университетінің академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко ЖОО-да дарынды балаларды ұстаздық кәсіпке тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып, мұғалімдік мамандыққа бейім балаларды анықтау және қолдау мақсатында ерте профильдеу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
«Өткен жылы біз облыс мектептерінде педагогикалық сыныптар аштық. Қазір облыстың шалғай аудандарының бірінде дарынды қыздарға арналған гимназия ашып жатырмыз, өйткені қала мен ауыл оқушыларының білім алшақтығын азайтуға күш салып жатырмыз», – дейді Ольга Андрющенко.
Қазақ және орыс тілдерінде оқытатын гимназияның екі сыныбына Железин ауылындағы №1, №2, №3 орта мектептердің 8-11 сынып оқушылары қабылданады. Университет оқытушылары жоспар бойынша айына екі рет келіп, сабақ өткізеді.
Сабақтар негізінен болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту, адамгершілік-этикалық тәрбие беру, шығармашылық әлеуетін ашу мәселелеріне арналады.