ІІ түркі универсиадасы: мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті

ІІ түркі универсиадасы: мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен елімізде 5-10 қараша аралығында ІІ Түркі универсиадасы өтіп жатыр.

ІІ Түркі универсиадасына қатысатынын Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Мажарстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттері арасындағы достық пен келісімнің көркем үлгісі ретінде түркі жастары Түркістан шаһарында бас қосып, бүгін мемлекеттік ту көтеру рәсімін өткізді.

Рәсімді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ешенқұлов Талғат Ілиясұлы салтанатты түрде ашып берді.

«Түркі универсиадасы түркі әлемінің бірлігі идеясын ғана емес, сонымен қатар түркі жастарының спорт пен оқу-ғылымдағы жетістіктерін насихаттайды. Жастарымыздың күш-қайраты мен ерік-жігері мықтылығын паш етіп, студент-жастарға үлгі етуді көздейді. Спорт пен дене тәрбиесі білім берудің ажырамас бөлігі ретінде жас жеткіншектерді тәртіп пен табандылық, сыйластыққа үйретеді, олардың ерік-жігерлерін тәрбиелейді. ІІ Түркі Универсиадасын абыроймен өткізіп, мақсатымызға бірге жетейік!», - деді вице-министр Т.Ешенқұлов.

ІІ Түркі универсиадасына қатысатын 6 мемлекеттен 450 қатысушы 7 спорт түрінен (үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі) бақ сынайды.

Жарыстар «Olympic center» спорт кешені мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында ұйымдастырылуда.

Еске салайық, ашылу салтанаты 6 қараша күні сағат 16:00-де Керуен сарайының шоу аренасында өтеді.