Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VIII халықаралық форумы аясында француз инженерлік және бизнес мектептері өкілдерінің Политехқа сапары нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандум екі университетке де кез келген жобаны бірлесіп әзірлеуге және оны дамытуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық қарым-қатынас оқытушылар мен студенттерді екі ел арасында өзара алмастырудан, ортақ инновациялық жобалар жасау мен басылымдарды бірлесіп шығарудан басталады.
Гренобль политехникалық институты (Grenoble Institut National Polytechnique – Université Grenoble Alpes) – Франциядағы ең «үлкен мектеп», ол осы елдегі ең беделді және атақты университеттердің бірі. Бүгінгі таңда институт құрамына сегіз инженерлік және әкімшілік мектеп кіреді, ол ұлттық мәртебеге ие және Еуропаның нанотехнология саласындағы ең ірі зерттеу орталықтарының бірі – Minatec жобасына қатысады.
Меморандумға Сәтбаев Университетінің Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев пен Гренобль институты мектептерінің бірі – École Nationale Supérieure de Physique, Électronique, Matériaux директорының орынбасары Жан-Эммануэль Брокен қол қойды.