Марғұлан университеті мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен шұғылдануы үшін спорттық бассейнін тегін берді.
№1 балалар спорт мектебінің бейінді дене шынықтыру пәнінің жаттықтырушы-мұғалімі Гүлмира Айгужинованың айтуынша, бассейн ұжымы оларға барлық жағынан қолдау көрсетеді. Бірақ қазір қаладағы бассейндер жөндеуден өтіп жатқандықтан, балалардың жаттығатын жері болмады.
Балаларға студенттік бассейннің 2 жолағы берілді. Жүзу спорттық үйірмесінде барлығы 34 бала бар, сабақтар күніне бір сағаттан үш түрлі категория бойынша өткізіледі. Бассейнге баратындардың қатарында көру, есту және интеллект күрделі бұзылыстары бар, тірек-қозғалыс аппаратының (ДЦП) зақымдануы деген әртүрлі диагнозымен балалар бар.
«Университет басшылығына және балаларымызды әрдайым жылы қарсы алып, олардың жаттығуына барлық жағдайды жасап жатқан бассейн ұжымына алғысым шексіз. Ерекше балалармен жұмыс жасауда әдістемелік көмек көрсеткен өнер және спорт жоғары мектебіне алғысымды білдіремін», – дейді Гүлмира Айғожинова.