Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында коммерцияландыру жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде

Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында коммерцияландыру жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде

Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында коммерциализация жобасы аясында жұмыстар жүріп жатыр. Бұл туралы университет ректоры Жанар Темірбекова Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың оқу орнына іс-сапары кезінде айтты.

Университеттің Ботаникалық бағының құрылғанына 30 жылға жуық уақыт болған. 88 гектар аумақты қамтитын баққа елімізден және жақын шет елден 59 туыс, 28 тұқымдас, 127 түрлі декоративті, жеміс-жидек, ағаш бұталы және гүлді өсімдіктер интродукцияланып, өңірдің қатал климаттық жағдайына бейімделген коллекциясы жинақталған.

Оқу орны ректоры Жанар Темірбекова министрге бақтағы жалпы жұмыстар, өсірілетін ағаш пен өсімдік түрлері, жылыжайлар, іске асып жатқан ғылыми жобалар туралы баяндады.

«Ботаникалық бақты ғылыммен дамытпаса, ол жай ғана парк болып есептеледі. Сондықтан түрлі тәжірибелерді пайдаланып, лабораториялық жұмыстарға көптеп мән беру керек», - деді Ерлан Нысанбаев.

Экология және табиғи ресурстар министрі оңтүстік өңірді жасыл аймаққа айналдыру үшін университеттің ботаникалық бағын пайдалануға болатынын айтты.

Сондай-ақ, министр Ботаникалық бақ мамандарына ағаш-бұталарды жерсіндіру, дұрыс отау, тамырымен отырғызу, дұрыс күтім жасау бойынша кеңестерін айтты.

Ерлан Нысанбаев бақ аумағында құрылып жатқан жаңа цехті де аралады. Мұнда университет ғалымдары жеңіп алған коммерцияландыру жобасы аясында жұмыстар жүргізіледі. Атап айтар болсақ, Ботаникалық бақта өсірілген жеміс ағаштарының өнімдерінен кептірілген жемістер әзірленіп, сатылымға шығарылады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ботаникалық бақтың әлеуеті қазіргіден де жоғары екенін айтып, ұжымға және ғалымдарға сәттілік тіледі.