
А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне Ольстер университетінен (Белфаст, Солтүстік Ирландия) делегация келді.
Шетелдік қонақтарды өнер, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің даму және серіктестік жөніндегі деканының орынбасары, профессор Свен Шоттманн (Sven Schottmann), өнер, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің академиялық сапа және студенттермен жұмыс жөніндегі деканының орынбасары, профессор Луиза О 'Бойль (Louise O' Boyle) және профессор Барбара Скиннерді (Barbara Skinner) бірінші күні ректор Сейтбек Қуанышбаев қарсы алды. Ол қазіргі заманғы жоғары білімді халықаралық ынтымақтастықсыз елестету мүмкін емес және А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ қызметінде бұл басым бағыт болып табылатының айтып өтті.
Сапар барысында қонақтар, ең алдымен, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің шетел филологиясы кафедрасымен және педагогикалық институттың өнер кафедрасымен танысты. Шетелдік ғалымдар халықаралық білім берудің даму тенденциялары, атап айтқанда, көпмәдениетті білім беру және ағылшын тілін оқыту, сондай-ақ жоғары оқу орындарында өнер және дизайн саласында үйрету мен оқыту тәжірибесінің эволюциясы мәселелері бойынша тиісті білім беру бағдарламаларының студенттеріне шолу дәрістерін оқыды.
Ынтымақтастықтың егжей-тегжейлері талқыланған жұмыс кеңестері барысында тараптар 2024 жылдың қыркүйегінен бастап «Шетел филологиясы» (магистратура) білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды бағдарлама ашуға келісті. Сондай-ақ, ынтымақтастық бағдарламасы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттермен алмасуды көздейді.
Айта кету керек, Ирландия университетінің Қостанай ЖОО-мен мұндай өзара іс-қимылы алғаш рет өтті.