ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Республика күніне орай ғылым және жоғары білім беру жүйесінің бірқатар ғалымдары мен қызметкерлерін марапаттады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Республика күніне орай ғылым және жоғары білім беру жүйесінің бірқатар ғалымдары мен қызметкерлерін марапаттады
Бүгін мемлекеттік және ведомстволық наградаларын табыстау салтанатты шарасы өтті. Іс-шарада ерекше көзге түскен ғылым және жоғары білім беру жүйесінің ғылыми қайраткерлері мен қызметкерлеріне алғыс білдірілді.
Ғылым мен жоғары білімге қосқан үлесі үшін 14 қазақстандыққа «Парасат», «Құрмет», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградалары берілді.
Салтанатты рәсімді ашқан ведомство басшысы жиналғандарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
«Баршаңызды осы ерекше мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл күн барлық қазақстандықтар үшін маңызды рөл атқарады. Біздің жастарымыз егемендіктің арқасында білім берудің жоғары сатыларына шығып, отандық ғылымның дамуына зор үлес қосуда. Жыл сайын мемлекет тарапынан отандық ғылымды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір ғылыми қайраткердің, қызметкердің еліміздің, атап айтқанда ғылым мен жоғары білім саласының дамуына қосқан еңбегі мен үлесі маңызды әрі баға жетпес, сондықтан сіздердің қызметіңіз үшін зор алғыс айтамыз», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 19 қазандағы №378 жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы авторларының ұжымына «Атом-энергетика саласын құру және Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыру үшін әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер» тақырыбындағы жұмысы үшін Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2023 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мерекелік іс-шара Мемлекет басшысының қатысуымен «Астана Опера» опера және балет театрында өткен салтанатты концертпен жалғасты.