АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘЛЕМ ТҮРКОЛОГТАРЫ БАСҚОСТЫ

АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘЛЕМ ТҮРКОЛОГТАРЫ БАСҚОСТЫ
Ахмет Ясауи университетінде дәстүрлі Х Түркология Конгресі өтті.
Түркология ғылыми зерттеу институты 2 жылда бір рет түркі жұртының қасиетті мекені Түркістан қаласында түрколог ғалымдардың басын қосады.
Биыл 10-шы рет ұйымдастырылып жатқан іс-шараға «Қазіргі заманғы түркология: ғылыми парадигмалары және пәнаралық сипаты» тақырыбы арқау болды.
Конгресс жұмысына Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Чили мемлекеттерінен 160-тан астам өкіл қатысты. 30 секциялық отырыста жалпы саны 120 баяндама ғалымдардың талқысына түсті. Түркологтар археология, тарих, философия, тіл білімі, әдебиет, өнертану, фольклортану және этнография ғылыми бағыттарында өзара пікір алмасты. Ғалымдар түркология ғылымының заманауи даму тенденциялары, кешенді сипаты және ғылыми парадигмасы тақырыбы қазіргі таңда өте өзекті мәселеге айналуы заңдылық екенін атады.
Сондай-ақ, конгресс барысында екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. Оның біріншісі - филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбраевтың «Абайдың ақындық бейнесі» атты кітабы. Екіншісі - түркі тілдес елдер мен туыстас қауымдастықтардан келген студенттер үшін арнайы «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешені.
Үш күнге созылған жиын соңында қатысушылар ғалымдардың оқыған маңызды баяндамалары мен еңбектері үшін алғысын білдіріп, келесі басқосуда талқылануы қажет мәселелерді де атап өтті.