«МАМАНДЫҒЫМ-БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«МАМАНДЫҒЫМ-БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бүгін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті.
«Мамандығым – Болашағым» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру.
Кеңсенің тұсау кесеріне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Министр мырза кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін кадр қажеттілігіне неғұрлым нақты бағдарлау үшін жұмыс берушілермен диалогта болып, кадрларға қажеттілікті алдын ала болжау маңыздылығын атап айтты.
«Өңірлік кеңсенің ашылуында ҚР ҒЖБ министрі Саясат Нұрбек өңірлік атлас құрудың маңыздылығын атады: «Аталмыш жоба- үлкен бастама. Келесі жылдың соңына дейін біз еліміздің барлық өңірлерін осы жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы Павлодар өңірінен бастаған карта аяқталды: 20 жоғары кәсіптік білім ұйымдарының негізінде 40тан астам жаңа мамандықтар пысықталды. Біз әсіресе басымдықты өңірлік университеттерге береміз. Жаңа кәсіптер мен дағдыларды анықтап, жаңа оқу бағдарламалары мен қолданыстағы оқу бағдарламаларын түзетуден бастаймыз. Сондықтан, университеттің әдіснамамен танысу маңызды. Өйткені, жаңартатын барлық оқу бағдарламалары аймақтық атласпен байланыстырылады. Міндетті түрде атласпен қолдану үшін арнайы презентация жасаймыз. Жоба аясында әкімдік, министрлік және М. Қозыбаев атындағы СҚУ бірлесіп жұмыс істейміз. Жақсы платформа болады деп сенемін», - деді министр.
Сонымен қатар, жастарды ғылымға баулу, жоғары білімді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігінің маңыздылығына да тоқталды.
«Мамандығым-болашағым» жобасы шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша университет қызметкерлері аймақтық жобалық кеңсе командасына қосылып, Солтүстік Қазақстан облысының кадр қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеу жүргізеді.
Қазіргі таңда «Мамандығым-болашағым» жобасы еліміздің 11 өңірінде жүзеге асырылуда.