Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мыңнан астам 4 курс студенті 27-қарашадан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысының білім беру ұйымдарында сабақ бере бастайды.
Оларды осы сәтке дайындауға университет оқытушылары біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп арнайы тәжірибелік курсты бастап кетті. 72 сағаттан тұратын курста жас ұстаздар балалармен қалай тіл табысу керек, оларға сабақты қалай өту керек, сондай-ақ сөйлеу мәнері мен киім үлгісіне дейін жетекшілерінен тәлім алады.
Жас ұстаздар балабақша, SOS мектеп пен орта мектептер, лицей, гимназия, колледждерде 12 апта, яғни 30-наурызға дейін сабақ беретін болады. Сондай-ақ жас мамандар ғылыми зерттеу институттары мен аудандық мәдениет және оқушылар үйлерінде де тәжірибеден өтетін болады.
Екі апта бойында болашақ мұғалімдер біліктілігін ұштайды. Атап айтқанда, курстың алғашқы аптасында педагогика бойынша тәлім алса, екінші аптасында оқытушылары оларды психология тұрғысынан дайындайды.
Курс аясында студенттер Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының жетекшісі Нұрғали Тұрымбетовпен кездесіп үлгерді. Алда QazBilim порталының директоры Аятжан Ахметжанның дәрісін тыңдайды.
Біліктілікті арттыру курсы 20-шы қазанда аяқталады. Әне-міне ұстаз атанғалы жатқан 4 курс студенттері арасында филологтардың қарасы көп.
Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті биыл еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ошақтарына дайын кадр ретінде 390 филолог, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтары бойынша 170, жаратылыстану мамандықтары бойынша 259, физика, математика мамандықтары бойынша 123, педагогика және психология мамандықтары бойынша 259 студентті жіберуге дайын.