ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері америкалық коммерциялық емес ETS Global ұйымының өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шара барысында тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Жиын ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ETS компаниясының бас атқарушы директоры Амит Севак қол қойған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Educational Testing Service арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Кездесуде тараптар SAT, GRE, TOEFL, TOEIC сияқты әлемдік стандартталған тілдік тестілерді қолдану Қазақстандағы білім сапасын одан әрі жақсартып, жоғары оқу орындары түлектерінің халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетінін атап өтті.
TOEFL стратегиялық серіктестік директоры Крис Осман бакалавриат, магистратура және докторантураға оқуға қабылдау үшін стандартталған халықаралық тесттерді қолдану білім деңгейі мен сапасын арттыруға ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ білім беру ұйымдары үшін TOEFL, GRE, SAT халықаралық тестілерін конвертациялау және верификациялау мәселелері талқыланды.
Америкалық компанияның өкілдері ETS Global тесттер желісіне қатысты толық ақпарат беріп, өздерінің жоспарлары мен жобаларымен бөлісті. Өз кезегінде, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің басқарма басшысы Жанна Есинбаева меймандарға арнайы сапары үшін алғысын білдіріп, жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.