2023 жылдың 29 қыркүйек күні Altynsarin Institute-да Германиядан келген шетелдік ғалым Петер Эндерстің қатысуымен «Физика-математиканы оқытудың нәтижеге бағытталған жаңа моделі – кәсіби маман даярлаудың негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – көтерілген тақырыптар мен қамтылған өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасу.
Семинар жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, ПОҚ және институт студенттері, физика-математика бағытындағы мектеп мұғалімдері қатысты.
Сонымен қатар, ф.-м.ғ.д., профессор Петер Эндерстің (Германия, Берлин) «Құзыреттілікке бағытталған Баден-Вюртембергтегі физиканы оқыту», Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ф.-м.ғ.к. Кудусов Арыстан Сатыбалдыұлының «Қатысушылар мен студенттерге физиканы оқытудың дидактикалық принциптері мен әдістері» атты баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Ғылыми іс-шара барысында мектепте физика-математика пәндерін оқытуға және білім беруге байланысты ауқымды сұрақтардың үлкен шеңбері, оларды шешудің мүмкін жолдары да талқыланды.
Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алып, пікірлерімен бөлісті және болашақ ынтымақтастықтың жоспарларын белгіледі. Онлайн режимде тыңдаушылар арасында Қазақстанның түрлі өңірлерінен – Қарағанды, Арқалық, Қостанай облысы, ШҚО өкілдері болды.
Жұмыс қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Ж.Б.Байсеитова әріптестеріне бірлескен жұмысы үшін алғыс айтып, өткізілетін іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Ол ЖОО мен мектептер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ халықаралық әріптестік қатынастарды нығайту қажеттілігі туралы пікір білдірді.
Айта кетейік, шетелдік қонақ Петер Эндерс Altynsarin Institute-на «Шақырылған профессор» бағдарламасы бойынша келген. Бағдарлама аясында ол физика және математика білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған классикалық және кванттық механика бойынша дәрістер курсын оқиды.