МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ РЕКТОРЫ А. КАТЕРИНИНГЕ - 100 ЖЫЛ

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ РЕКТОРЫ А. КАТЕРИНИНГЕ - 100 ЖЫЛ
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде көрнекті педагог, оқу орынның тұңғыш ректоры болған Анатолий Семенович Катерининнің 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
«Педагогикалық білім берудегі көшбасшылық: теориялық және тәжірибелік аспектілер» тақырыбында өрбіген ауқымды шараға АҚШ, Пәкістан, Ресей және Қазақстанның жетекші ғалымдары, университет ректорлары, А.Катерининнің ұрпақтары қатысты.
Конференция Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаевтың алғы сөзімен ашылды.
«Сіздерді Анатолий Семенович Катерининнің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Өткен жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Біздің университеттің құрылу, қалыптасу және даму тарихы Анатолий Семенович Катерининнің есімімен тығыз байланысты. Себебі ол осы оқу орынның негізін қалаушылардың бірі болып саналады», - деді Жанбол Октябрьұлы.
Содан кейін Сібір федералды университетінің кадрларды даярлау және үздіксіз білім берудің ақпараттық технологиялары кафедрасының меңгерушісі О. Г. Смолянинова, Каид-и Азам университетінің (Пакистан) Өсімдік шаруашылығы кафедрасының профессоры Шуджаул Мульк Хан, ағылшын тілінің оқытушысы (АҚШ), English Language Fellow бағдарламасының қатысушысы Гада Рахман сынды шетелдік ғалымдар баяндама жасап, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды және жинаған тәжірибелерімен бөлісті.