Amanzholov University оқытушысы Мичиган университетіндегі әріптестерден үйренген шет тілін оқытудағы тиімді әдістерді оқу орынында енгізуде. Шетелдік университетте он айдан астам уақыт білімін жетілдірген шет тілі мұғалімі Елена Чжан мичигандық оқытушылардың әдіснамаларын үйреніп университетте қолданып жүр.
Американдық тәжірибе көрсеткендей, сабақтарда студенттердің сыни ойлау, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын, қызықты сұрақтар қою, әртүрлі дәлелдер келтіру, ойластырылған шешімдер қабылдау қабілеттерін дамыту өте маңызды. Сабақтың әр кезеңі үшін арнайы әдістемелік тәсілдер қолданылады. Көбінесе бұл ойын, студенттер оқытушымен бірге интерактивті байланыс жасайтын симуляциялық тәсілдер. Соның арқасында білім алушылар еркін оқу процесінде саналы білім алып, қоршаған әлем туралы мәліметтерді, жаңа идеяларды немесе пікірлерді талдап, бағалайды. Ең бастысы осының бәрі ағылшын тілінде.
Тиімді әдістер мен амалдарды қолдану студенттерге материалды мықтап сіңіруге, графикалық әдістерді қолдана отырып ақпаратты түсіруге сондай-ақ күшті және әлсіз жақтарын бағалауға мүмкіндік береді.
Сыни ойлауды дамыту үшін Елена Чжан Вен диаграммасын, топтық пікірталастарды, тоқтап оқуды, Блум білім деңгейлерін, Маслоудың қажеттілік пирамидасын пайдалана оқытады. Сонымен қатар, сабақтарда кластерлер, синквейндер, жетілдірілген дәрістер, шатастырылған логикалық тізбектер, З-Х-У кестесі, өзара сұрақ және «BLOB’s Tree» элементтері қолданылады.