С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде академик Муфтах Диаровтың 90 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Ғалым тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатуға арналған салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, Муфтах Диарұлының әріптестері мен замандастары, Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов қатысты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев құттықтау сөз сөйледі.
Мемориалдық тақтаның ашылуына арналған іс-шараны АтМГУ ректоры Гүлзада Шакуликова ашты:
«Муфтах Диаров Атырау мұнай және газ университетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның еңбектері аймақтың қазба байлығын игерудің кілті болды. Ғылыми ізденістері жаңа көкжиектер ашып, болашақ ғалымдардың іргетасы болды», - деді ол.
Ғалымның университеттегі жұмыс кабинеті музейге айналды. Сонымен қатар, екі жаңа монографиясы жарық көріп, академик жинаған пайдалы қазбалар коллекциясы таныстырылды.
Биыл Мұфтах Диаровтың 90 жылдығына орай арналған бірқатар ғылыми шаралар өтеді. 24 қазанда «Каспий тынысы» халықаралық ғылыми конференциясы, академиктің мұрасын зерделеу бойынша университеттік іс-шаралар, академиктің монографияларымен танысу бойынша факультет семинарлары жоспарланған.