Қазақстан-Италиядағы жаңа гуманитарлық білімнің дамуы, тарихтың көпке беймәлім беттерін зерделеу бағыттары Мемлекет тарихы институтында «Габриэле д,Аннуцио» мемлекеттік университетінің профессоры, PhD Мария Тереза Джусти (Киети-Пескара қ., Италия) қатысуымен талқыланды.
М.Т. Джусти халықаралық «A-rated journal» (Q1 көрсеткіш) тобына енетін басылымдарда 18 мақала, 8 монография авторы, соның ішінде орыс тіліне аударылған «Итальянские военнопленные в СССР, 1941–1954» еңбегі бар.
Кездесуде Институт директоры, PhD Н. Пұсырманов: «Қазақстан мен Италияның бай тарихи дәстүрлері бар, географиялық алшақтығына қарамастан олардың тарихы сан ғасырлар бойы тоғысқан. Орта ғасырларда Марко Поло мен Джованни де Плано Карпини сияқты атақты итальяндықтар Жошы Ұлысына саяхат жасап, біздің халықтарымыздың мәдени және білім алмасуына негіз болды. Дегенмен, тарихымыз тек әйгілі есімдермен ғана шектелмейтінін есте ұстаған жөн. Сіздің еңбектеріңіз 1940 жылдары бұрынғы КСРО, оның ішінде Қазақстан аумағында болған мыңдаған итальяндық әскери тұтқындардың тарихын ашатындығын», - атап өтті.
Кездесуден соң италяндық тарих-зерттеушісі Джусти «Talks» форматында тарихшы-ғалымдар, сарапшылар алаңында екі елдің өткен ғасырдағы саяси, мәдени және экономикалық байланыстары, ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы Қазақстандағы итальяндықтар туралы профессорлық лекциясын оқыды. Өзара сенімді коллаборация жаңа пәнаралық зерттеулермен жалғасатынына екіжақты келісім орнықты.