ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Сәтбаев Университетіне келіп, университет басшылығымен, су шаруашылығының ардагер қызметкерлерімен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев университеттің даму бағдарламасында су қауіпсіздігі саласындағы зерттеулер мен гидрогеология саласына қажетті кадрларды даярлау жеке бағыт ретінде көрсетілгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының жаңадан ашылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанынан Ұлттық гидрогеологиялық қызметін құру туралы шешімі Қазақстан гидрогеологиясының тағдырын шешетін өте маңызды шешім, өйткені ол жер асты суларының негізінде жаңа су көздерін ашу үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Мейрам Бегентаев.
Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз көршілес елдер арасындағы трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мәселелері бойынша өзара түсіністікті қамтамасыз ету үшін, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей университеттері арасында тұрақты байланыс пен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату қажет деп санайды.
Кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, халықаралық сарапшы Төлеген Сәрсембеков Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық консорциумын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын жүзеге асыру барысы туралы айтып берді.
«Қазгипроводхоз» серіктестігінің директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцев Қазақстанның қазіргі қолда бар су ресурстарын ұлғайтудың бір нұсқасы ретінде өзен ағынын бассейнаралық ауыстыру жөніндегі мәселені зерттеуді жалғастыруды ұсынды.
Кездесу соңында Сәтбаев Университетінің профессоры, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, «Геотерм» компаниясының басшысы Дулат Қалитов Су ресурстары және ирригация министрлігінің қайта құрылуы су шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жөніндегі кешенді көзқарастарды қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте суды ұқыпты пайдалануға бақылауды күшейтеді, Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететіні жөнінде де айтты.