Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Куэйд-и-Азам университеті (Quaid-i-Azam University, Исламабад қ.) ботаника кафедрасының доценті, доктор Шужаул Мүлк Хан (Dr. Shujaul Mulk Khan) келді. Белгілі шетелдік ғалым төрт апта бойы Жаратылыстану жоғары мектебінің студенттеріне дәріс оқиды.
Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев доктор Шужаул Мулк Ханмен кездесуінде қонаққа келгені үшін алғысын білдіріп, екі университет арасындағы жаратылыстану ғылымдары саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар Пәкістанның рейтингтік журналдарында университет ғалымдарының ғылыми еңбектерін жариялау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістандағы өсімдіктердің флорасы мен биоәртүрлілігін зерттеу бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасуын қамтамасыз ету, магистранттар, докторанттар мен ғалымдардың тағылымдамадан өтуі бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге ниет білдірді.
«Биология» білім беру бағдарламасының жетекшісі Гүлнар Төлендинованың айтуынша, профессор Шужаул Мүлк Хан Павлодар педагогикалық университеті Жаратылыстану жоғары мектебінің ғалымдары жүзеге асыратын «Климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Баянауыл ұлттық паркінің өсімдіктер қауымдастығының қазіргі жағдайы мен динамикасын бағалау» жобасын іске асыруға қатысады. Бұл жоба 2023-2025 жылдарға арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы және Ұлттық ғылыми кеңеспен мақұлданған.
Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен бірлесіп академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, оқыту семинарлары мен тренингтерін ұйымдастыру профессор-оқытушылар құрамының, магистранттар мен докторанттардың зерттеу құзыреттерінің деңгейін арттыруға, оқытушылар мен білім алушылардың ағылшын тілін білу деңгейін жақсартуға ықпал ететінін атап өткен жөн.