2023 жылғы 5 қыркүйекте Horizon Europe ұлттық үйлестіру орталығы - «Ғылым қоры» АҚ, Назарбаев Университеті және Sustainable Development Solutions Network Kazakhstan (SDSN Kazakhstan) ұлттық желісі металдарды барлау және өндіру саласындағы өзекті сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге арналған алғашқы семинар өткізді.
«Табиғи ресурстарды тұрақты басқару: маңызды шикізатты барлау, өндіру, өңдеу және жеткізу тізбегі» тақырыбында өткен воркшоптың басты мақсаты - экономиканың жасыл және цифрлық трансформациясын жеделдету шеңберінде Қазақстанның шикізат индустриясын дамытудың өзекті жағдайы мен әлеуеті бойынша шикізат саласының өкілдері, ғылыми қоғамдастық пен саяси институттар арасында пікір алмасу.
Құттықтау сөзінде Назарбаев университеті президентінің міндетін атқарушы доктор Илесанми Адесида семинар қатысушыларына алғыс айтып, Назарбаев Университеті мен басқа серіктес жоғары оқу орындарының Қазақстандағы тұрақты білім беру және зерттеу тәжірибелерін ілгерілетудегі басты рөлін атап өтті.
«Қазақстанның жер қойнауында Менделеевтің периодтық жүйесіндегі барлық элементтер бар. Сондықтан бүгінгі табиғи ресурстарды тұрақты басқару туралы семинардың тақырыбы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына жету шеңберінде шикізат саласын дамыту қажеттілігі тұрғысынан ерекше маңызды. Бұл жерде академиялық ортаның, серіктес университеттердің ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті доктор Адесида.
Семинарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Ғылым қоры» АҚ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «ҚазАтомӨнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық», «ЖезқазғанРедмет» АҚ өкілдері, сондай-ақ академиялық және дипломатиялық құрылымдардың өкілдері (Қазақстандағы ЕО делегациясы, Германия ғылым министрлігі, Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі) қатысты.
«Бүгінгі кездесу – еуропалық сарапшылар, қазақстандық ғалымдар мен пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өткізу саласындағы кәсіпорындар арасында идеялар, тәжірибе және білім алмасудың тамаша мүмкіндігі. «Horizon Europe» бағдарламасының арқасында қазақстандық ғалымдар еуропалық серіктестермен бірге өз ой-өрісін кеңейтіп, инновациялық жобаларға қатысуға мүмкіндік алды», - деп «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әбділда Шәменов атап өтті.
Ой-талқы форматында өткен воркшоп барысында өнеркәсіп секторының сарапшылары, сондай-ақ компаниялардың өкілдері сирек металдарды барлау және өндіру, жасыл энергетикаға көшу секілді маңызды тақырыптар бойынша жобаларын таныстырды. Семинар барысында Қазақстанда шикізат өндіру саласындағы үш негізгі сын-қатерге назар аудару ұсынылды: шикізат жеткізу тізбегіндегі кешенді тексеру талаптарын сақтау, терең кен орындарындағы маңызды шикізат материалдарын зерттеу, маңызды шикізат материалдарын өндіру және өңдеу технологиялары.
«Бұл үш іс-қимылға шақыру Қазақстан мен ЕО арасындағы бұрын қол қойылған шарттар шеңберінде ғалымдар мен мүдделі тараптарды жұмылдыруға бағытталған. Келісімдерді жай қағаз үстінде ғана қалдырмай, біз ғылыми ынтымақтастық арқылы тиімділікке қол жеткізгіміз келеді. Бүгінгі іс-шара ақпарат алмасу шарасы болып табылады, біз қазақстандық тарапқа мүмкіндіктерді түсінуге және жобаларды бірлесіп әзірлеуге көмектескіміз келеді», - деді профессор Реймар Селтманн, кен орындарын зерттеу бойынша көшбасшы, Ұлыбританияның Жаратылыстану тарихы мұражайы зертханасының меңгерушісі.