Ахмет Ясауи университетінде 2023-2024 оқу жылының ашылу салтанаты өтті .
Мерекеге Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова және Түркия Республикасының Конституциялық Сот төрағасы Зухту Арслан, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова және т.б. зиялы қауым өкілдері, ЖОО ректорлары, оқытушылар және студенттер қатысты.
Жиын жаңа оқу жылының басталуына, сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясына - 75 жыл және 2024 жылы Қазақстанның Бала құқықтары туралы Конвенцияны қабылдағанына - 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Басқосуда сөз бастаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа оқу жылымен университет ұжымы мен студенттерді құттықтады. Салтанатты жиынға қатысып отырған екі елдің заң саласының білгірлеріне, мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіріп, бауырлас Түркиямен байланыс өте жоғары деңгейде екенін атап өтті. Түрік әлемінің рухани астанасы қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер дейміз! Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы басым бағытарға тоқталып, өңірді дамытуда ауқымды жұмыс атқару міндеті жүктелгенін жеткізді.
ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы, әрі университет түлегі Эльвира Азимова студенттерге ізгі тілегін арнай отырып, студенттік жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Түркияның Конституциялық Сот Төрағасы Зухту Арслан сахна төріне шығып, ата жұртқа табан тірегеніне қуанышты екенін айтты. Зухту Арслан оқу орны оқытушылары және білім алушылары үшін «Адам құқықтары» тақырыбында баяндамасын оқыды. Әр адамның жеке құқығы мен оған деген құрмет туралы маңызды ойларымен бөлісті.
Кездесу соңында университет ұжымы атынан төрағаларға сый-сыяпат табыс етілді. Өз кезегінде, Қазақстан және Түркия республикаларының Конституциялық Сотының төрағалары да университет музейіне арнайылап әкелген сыйлықтарын тарту етті.