ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА СТУДЕНТТІК ЖАТАҚХАНАЛАРДАҒЫ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА СТУДЕНТТІК ЖАТАҚХАНАЛАРДАҒЫ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Бөкетов университетінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әлиқұловтың төрағалық етуімен студент жатақханаларының жай-күйін, жаңа оқу жылына дайындық барысын талқылаған жұмыс кеңесі өтті. Жиынға жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың өкілдері, Қарағанды өңіріндегі жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, студенттік жатақханалардың құрылысына жауапты мамандар және Қарағанды облысы бойынша студенттік омбудсмен қатысты.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселенің бірі. Қарағанды өңірі осы түйткілді мәселені шешудің оңтайлы жолдарын жүзеге асырып келеді.
«Жалпы бүгінде облысымыздың 8 жоғары оқу орнында 10 мыңнан астам төсек-орынға арналған 29 жатақхана бар. Тапшылық мәселесіне келетін болсақ, оқу орындарының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, оның көлемі бүгінгі таңда облыс бойынша 200-ге жуық орынды құрайды. Бұл орын тапшылық Қарағанды медицина университетінде анықталған. Өзге оқу орындары бойынша ресми түрде жатақханаға мұқтаждық көрсетілмеген. «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасының аясында 2019-2023 жылдардың аралығында 982 орынға арналған 7 жатақхана іске қосылды. 2025 жылға дейін тағы да 2 жатақхананы Қарағанды Бөкетов университеті мен Қарағанды медицина университеті қолданысқа береді. Нәтижесінде, 2025 жылдың қорытындысы бойынша енгізілген жатақханалардың жалпы саны 9, орын саны 1732-ні құрайды, яғни қазіргі қолданыстағы бар жатақхана фонды 20 пайызға өседі деп жоспарланып отыр», - деп атап өтті өз сөзінде Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Жоғары оқу орындарының басшылары студенттер баспанасының жаңа оқу жылына дайындығы туралы қысқаша есеп берді. Студенттік жатақханалардағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы қауіпсіздік мәселесін басты назарға алу қажеттігін айтты.
Бөкетов университетінде 7 Студенттер үйі студенттерге қызмет етеді. Барлығы 2676 орынмен жабдықталған. Әр Студенттер үйінде жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған кітапханалар мен оқу залдары, теннис пен шахмат, дойбы залдары, демалыс бөлмелері, арнайы жиын залдары орналасқан. Студенттер қалашығында «Аюлы» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Жастар орталығы» коворкинг-орталығы, баскетбол, волейбол, футбол, бокс, хоккей, воркаут алаңдары бар. «Студенттік монша» нысаны студенттерге қызмет көрсетеді. Студенттер үйінің жанынан ашылған №1 Студенттік емханада білім алушылар дер кезінде медициналық қызметке жүгініп, дәрігерлік тексерістен өтіп тұрады.