БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ҚАРАСУЫР АЛТЫН ОРДА ҒҰРЫПТЫҚ-ЖЕРЛЕУ КЕШЕНІНДЕ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗІП ЖАТЫР

БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ҚАРАСУЫР АЛТЫН ОРДА ҒҰРЫПТЫҚ-ЖЕРЛЕУ КЕШЕНІНДЕ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗІП ЖАТЫР
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Орта ғасырдағы Сарыарқа көшпелі халқының мәдениеті (жерлеу және ғұрыптық кешендердің материалдары бойынша)» ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыру шеңберінде тарихшы ғалымдар Э.Р. Усманова, Ж.Ә. Жұмабеков және А.И. Кукушкиннің жетекшілігімен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің экспедициясы Ұлытау облысы Ұлытау ауданындағы Қарасуыр Алтын Орда ғұрыптық-жерлеу кешенінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қарасуыр қорымы Бұланты мен Қалмақ қырылған өзендері аралығындағы Сарысу өзенінің алабында орналасқан. Географиялық тұрғыдан бұл аумақ Қазақ ұсақ шоқыларының оңтүстік-батысындағы Бетпақдала шөліне енеді. Қарасуыр мен Қалмақ қырылғанның аралығындағы қорымдар мен қорғандар бұл жерлерде көшпелілердің ертеден мекендегенін айғақтайды.
Қарасуыр қорымының материалдары Алтын Орда кезеңіндегі ғұрыптарда будда белгілері бар жерлеу топтарын ажыратуға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлігі, Қарасуырдың әскери қорымдары Жошы Ұлысының шығыс уәлаятындағы әзірге белгілі алғашқы будда қорымдары болып табылады. Буддизм белгілері бар бұл жерлеулер дәстүрлі шамандық элементтерімен үйлескенде Жошы ұлысы халқының этникалық және діни алуан түрлілігін айқын көрсетеді, Дешті Қыпшақ мәдениетіндегі моңғолдық компонентті, XIII ғасырдың 30 жылдарында Алтын Орда құрамына енген Қазақстанның орталық бөлігінің негізгі халқы – моңғолдардың қыпшақтармен және басқа түркі тайпаларымен қарым-қатынас процесін анықтауға мүмкіндік береді.