Sussex университеті (Ұлыбритания) базасында «Халықаралық білім беру саласындағы зерттеу дағдыларын дамыту» ғылыми семинар-тренингі өтті. Онда университеттің жетекші ғалымдары әртүрлі зерттеу әдістері мен құралдарының артықшылықтары мен мәселелері туралы дәрістер мен воркшоптар өткізді.
Ғылыми семинар-тренингтің мақсаты – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттарының ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту. Университеттің ішкі қаржыландыруы есебінен 2023 жылдың шілде айының 17-25 жұлдыздары аралығында 15 оқытушы мен докторант бірегей халықаралық тәжірибе алды.
Семинар-тренинг келесідегідей өзекті тақырыптарға бағытталған: Халықаралық мұғалімдер білімі контекстіндегі кәсіби білім және педагогика; Педагогикалық зерттеулердегі тәсіл ретінде іс-әрекеттік зерттеудің дамуы; Жеке оқыту тәжірибесін зерттеу үшін Lesson Study; Әртүрлі зерттеу құралдарының артықшылықтары мен мәселелері: Сапалық әдістер, Сандық әдістер; LEGO® SERIOUS PLAY® шеберханасы; Ғылыми мақалаларды құрылымдау және зерттеуге өтінімдерді дайындау және т.б.
Халықаралық серіктестердің кең желісінің арқасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлары мен докторанттары жетекші шетелдік университеттер мен әлемнің ғылыми-зерттеу институттарында білім алу және тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Естеріңізге сала кетсек, University of Sussex халықаралық беделге ие және Ұлыбританияның үздік 50 университетінің қатарына кіреді (The Complete University Guide 2023 және Times / Sunday Times Good University Guide 2023) және қазіргі уақытта QS әлемдік рейтингінде 218-ші және 2023 жылы Times Higher Education бойынша әлем университеттерінің рейтингінде 201-250-ші орында.