29 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығына барып, ұйымның қызметімен танысты. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Ұлттық тестілеу орталығында Тамара Босымбекқызы ахуалдық орталыққа, тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптау залдарына барып, Республикалық апелляциялық комиссияның жұмысымен танысты.

«Бүгін мен білім беру жүйесінде сыртқы емтихандар мен мониторингтердің барлық түрлерін ұйымдастыру және өткізу рәсімімен толығырақ таныса алдым. Осы бағыттағы барлық өзгерістер мен реформалар кезең-кезеңмен және қоғамның пікірін ескере отырып жүргізілетінін ерекше атап өткім келеді», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ұйымның құрылымы мен миссиясы туралы баяндама жасады, сондай-ақ ол ҰБТ, магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу, докторантураға түсу емтихандары, ҚАЗТЕСТ, педагогтардың білімін бағалау және т.б. тестілеу түрлерін өткізу бойынша ағымдағы жағдайы туралы айтты.
Сонымен қатар кездесу барысында орта білім беруді жаңғырту және ҰБТ форматын жетілдіру мәселелері талқыланды.

«Дүниежүзілік Банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында біз 350 әзірлеуші-сарапшыны оқытуды және халықаралық тәжірибені ескере отырып, ҰБТ бойынша 5 мың тест тапсырмасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. 2024 жылы жоба аяқталады деп жоспарланған», - деді Саясат Нұрбек.
Іс-шара соңында кездесуге қатысушылар орта және жоғары білім беру салаларын жетілдіру мүмкіндіктерін қарастырды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығына барып, ұйымның қызметіне оң баға берді.