ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНДЕ СТУДЕНТТІК СПОРТ ЛИГАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНДЕ СТУДЕНТТІК СПОРТ ЛИГАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің төрағалығымен студенттік спортты дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңеске ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, бейінді жоғары оқу орындарының және University League өкілдері қатысты.
Кездесуде студенттік спорт лигасын дамыту мәселелері, сондай-ақ Министрліктің студенттерді халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық іс-шараларға тарту бойынша қабылдаған шаралары талқыланды.
«Өздеріңіз білетіндей, Министрлік жоғары оқу орындары білім алушыларының арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты және мәдени өмір салты қағидаттарын қалыптастыра отырып, жеңіске ұмтылу, жоғары нәтижелерге қол жеткізу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, біздің студенттер Дүниежүзілік қысқы және жазға универсиадаларға белсенді қатысады. Міне, бірнеше күннен соң Қытайда XXXI жазғы Дүниежүзілік студенттік универсиада басталады. 90 студент-спортшы 11 спорт түрінен Қазақстанның намысын қорғайтын болады», - деді Саясат Нұрбек.
Жалпы Министрлік 2021 жылдан бастап студенттік спорт лигасы шеңберінде спорттың 7 түрі (баскетбол, волейбол, футзал, үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат) бойынша жарыстар ұйымдастыруда. 2023 жылы студенттік спорт лигасына 65 жоо-дан 15160 студент, республикалық финалдық кезеңге 34 жоо-дан 784 студент қатысты.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Министрлікте құрылған Студенттік спортты дамыту жөніндегі жұмыс тобының ұсыныстарына сәйкес Қазақстан Республикасында студенттік спортты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Осы Кешенді жоспарда спорт түрінің танымалдығы мен спорт инфрақұрылымының болуын ескере отырып, спорт түрлері бойынша студенттік лига жарыстарын өткізу қарастырылған.