Бүгін Павлодар облысына арнайы іс-сапармен келген ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі халық алдында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Іс-шара барысында ол жоғары оқу орындарындағы жаңалықтар туралы айтып, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Өз сөзінде вице-министр жоғары білім және ғылым саласындағы өзгерістер туралы айтты. Оның ішінде, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша тоқталды.
«Былтырғы жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 10%-ға арты. Оның 60%-ы техникалық мамандықтар бойынша. Ал, студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсті. Жоғары білім беруді қамтамасыз ету жүйесі өзгертілді. 8 білім беру мекемесінде академиялық ұтқырлық кеңейтілді», - деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, жоғары білім беруді интернациналдандыруға көп көңіл бөлінуде. Бұған жыл сайын шет мемлекеттерден келетін студенттердің санының артуы дәлел. Сонымен қатар, жергілікті ЖОО-ы әлем бойынша топ-500 университеттің қатарына кіретін халықаралық деңгейлі білім беру ұйымдарымен серіктестік орнатқан. Екіншіден, әр студенттің деректерін цифрлық тұрғыда қалыптастыруға ден қойылған. Сондай-ақ, халықаралық ЖОО-ның филиалдары да көптеп ашылуда. 2029 жылға дейін олардың саны 12-ге жетпек.
Ары қарай Камиль Ақатов Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне келді. Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев Камиль Ақатовты оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, оқу орнында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды. Министр ғимараттарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын аралап көрді, жатақхана мен оқу корпустарының, зертханалар мен оқу кабинеттерінің жай-күйі мен дайындығын тексерді.