Мемлекет басшысы 2022 жылы Ұлттық Ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойлық сессиясында бірқатар тапсырмалар берді, олардың бірі Үкіметке Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, демеушілерді тарта отырып, Ғылым ордасы ғимаратында кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты болды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыға жұмыс сапары барысында Ғылым ордасына барып, күрделі жөндеу барысымен танысты.
Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары бес бағыт бойынша жүргізілуде: ғимараттың қасбеті және ішкі жұмыстар, сантехникалық және электротехникалық жұмыстар, сондай-ақ ғимараттың шатырын демонтаждау.
Негізгі жұмыстар инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеуге бағытталған. Жылыту және сумен жабдықтау жүйесі жаңартылады, сондай-ақ шатырды, қасбетті, терезелер мен лифттерді ауыстыру жүзеге асырылады. Ғимараттың өзінде коммуникациялар да ауыстырылады.
«Ғылым ордасында 12 павильон бар. Қазір 6 павильонда жұмыстар жүргізілуде. Барлық павильондар жөнделеді. Қазіргі уақытта қасбет пен ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, біз мұражайларда да жөндеу жұмыстарын бастадық», - деді құрылыс бөлімінің бастығы Мейіржан Мақұлбеков.
Саясат Нұрбек мердігерлердің назарын Алматы қаласы жұртшылығының Ғылым ордасы ғимаратының бірегейлігін сақтау жөніндегі алаңдаушылығына және сәулет ескерткішін қалпына келтіру бойынша оларға жүктелген жауапкершілікке аударды.
Жөндеу және реставрациялау жұмыстарын іске асыру бойынша шығындарды «Qazaq stroy» құрылыс компаниясы толық өз мойнына алды. Компания ғимаратты жөндеу бойынша барлық жұмыстардың жауапты органдармен, оның ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазреставрация» РМК-мен келісіле жасалатынын атап өтті.