«АРМАНДАРЫҢЫЗ БИІК БОЛСЫН!»: САЯСАТ НҰРБЕК МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІНЕ КЕҢЕС БЕРДІ

«АРМАНДАРЫҢЫЗ БИІК БОЛСЫН!»: САЯСАТ НҰРБЕК МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІНЕ КЕҢЕС БЕРДІ
Елордада Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Елорда мақтанышы» атты үлкен мереке өтті. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтау сөз сөйледі.
Мектеп бітірген түлектерді Мәжіліс депутаттары, боксшы Серік Сәпиев, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина, Ұлттық Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария және т.б. құттықтады.
Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек түлектерге құттықтауында мемлекет сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасап жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, ғылыми-зерттеу әлеуеті артып келеді.
«Президентіміздің Қазақстанды Еуразиядағы үлкен зерттеу хабына айналдыру арманы бар. Сіздердің араларыңызда болашақ ғалымдарымыз, мықты мамандар бар екеніне сенімім мол. Сіздерге айтар кеңесім, бірінші - армандарыңыз биік болсын. Адамның арманы биік болмаса, күнделікті өмірде жоғалып кетеді. Екінші – ағылшын тілін үйреніңіздер. Бұл ғылым, технология, жетістік тілі. Ағылшын тілін үйрену – бүгінде сәнге құрмет емес, бұл қажеттілік», - деді Саясат Нұрбек.
Биылғы жылы Астанада мектепті бітірген 9500-ге жуық оқушы, оның ішінде 280 «Алтын белгі» иегері, 607 үздік түлек және 80 республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жұмыстардың жеңімпаз түлектері бар.