Сәтбаев Университетінде «Coursera» өкілдерімен болған кездесуге «Coursera» компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалда, APAC аймағындағы клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Бибин Шивас, APAC аймағындағы қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ништа Кумар және Қазақстан мен Орталық Азияда бизнесті дамыту жөніндегі директоры Эдуард Кан қатысты. Ал Сәтбаев Университеті атынан Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Мейрам Бегентаев қатысты.
Кездесу барысында «Coursera» мен Satbayev University арасындағы одан әрі ынтымақтастық қарым-қатынас мәселелері және университеттің білім беру процесіне «Coursera» енгізу қорытындылары туралы талқыланды.
Сәтбаев Университетінің студенттері үйлерінен шықпай-ақ, халықаралық білім мен кәсіби сертификатқа ие болуға мүмкіндік алып отыр. Мұның барлығы Сәтбаев Университетінде IT мамандықтары бойынша оқитын студенттер үшін енгізілген «Coursera for Campus» платформасының арқасында мүмкін болып отыр.
Сонымен қатар Сәтбаев Университеті оқытушылардың біліктілігін артыру үшін де мүмкіндк жасап отыр. Платформада студенттерден бөлек оқытушылар да білім алуда – 40 оқытушы біліктілігін арттыру үшін мүмкіндік алды. Соңғы оқу жылы ішінде студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар барлығы 1189 сертификат алды. Платформадағы ең танымал пәндер қатарында Компьютерлік архитектура (Computer Architecture) және математика бар. Студенттер сонымен қатар Бизнес, Компьютерлік ғылымдар (Computer Science) және деректер ғылымы (Data Science) сияқты пәндерді оқып, консультациялар арқылы практикалық жобаларға шектеусіз қол жеткізу мүмкіндігін алды, осылайша олар өз білімдерін жетілдіріп келеді.