«Күшіміз – бірлікте!» – осындай ұранмен еліміздің үш ірі университеті – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірігіп, «Әз-Наурыз» мерекесін өткізді. Мерекелік шараға үш университеттің ұстаздары мен студенттері қатысты.
Наурыз мерекесіне шақырылған меймандар арнайы құрылған киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты. Риза болған аға буын өкілдері жастарға баталарын берді. Мерекелік іс-шара үш жоғары оқу орнының студенттерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Бұл күні қазақтың ұлттық ойындары ойналып, дастарханға ұлттық тағамдар қойылды және дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық құндылықтарымыз бір күнге қайта жаңғырды. Мұндағы тағы бір айта кететін жәйт – концерттен кейін арнайы дайындалған театрландырылған қойылым көрсетілді.
Сонымен қатар Наурыз мейрамы аясында зергерлік бұйымдар мен қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды.
Университеттер бұнымен өз бірліктерін аяқтамайды, керісінше, оны тек нығайтады. Бұл олардың соңғы бірігуі емес, алдағы уақытта олар бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар, симпозиумдар өткізуді жоспарлауда. Осылайша жоғары оқу орындары бірлесе жұмыс істей отырып, шын мәнінде мағыналы іс жасауға болатынын елге көрсеткен тамаша үлгі болды.