МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ХХХІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ХХХІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Универсиада жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімінде Саясат Нұрбек Бүкіләлемдік студенттер ойындарында сәтті өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына алғысын білдірді.

«Сіздердің Универсиададағы жеңістеріңіз – болашақ Олимпиада жетістіктеріне жолдама деп сеніммен айта аламыз», – деді министр.

Сондай-ақ, министр мемлекет бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, студенттерді халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық шараларға тарту бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Универсиадада елімізді 10 спорт түрінен (биатлон, шайбалы хоккей (ерлер), шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, шаңғы биатлоны, трамплиннен секіру, коньки тебу спорты, сноуборд, тау шаңғы спорты) 78 спортшы қорғады. Студенттік команда құрамында Қазақстанның 11 жоғары оқу орнының спортшылары қатысты.

ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадада (12-22 қаңтар, Лейк-Плэсид, АҚШ) Қазақстанның студенттік құрамасы жалпыкомандалық 11-орынға ие болды. Спортшыларымыз 11 медаль жеңіп алды, оның ішінде 3 алтын, 4 күміс және 4 қола.