ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ РЕЙТИНГІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ РЕЙТИНГІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Бесінші жыл қатарынан «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді. Рейтинг 19 критерий бойынша өткізіледі. Олардың негізгілері: жұмысқа орналасу деңгейі, орташа жалақы, білім беру бағдарламаларын аккредиттеу, оқытушылардың сапасы, білім беру бағдарламаларының өзектілігі және т.б.

Өткен жылдармен салыстырғанда 2022 жылы жұмысқа орналасушылар көрсеткішінің орташа пайызы 1,8%-ға өсіп, 79,5% -ды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 71%-ға, ал 2021 жылы – 77,7%-ға тең болды.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі бірінші жылдағы түлектердің алғашқы жалақысы критерийі ең үлкен қызығушылық тудырды. 2021 жылғы түлектердің орташа жалақысы - 155 621 теңгені құрады және өткен жылғы рейтингтегі түлектердің орташа жалақысынан 41 554 теңгеге артық (2020 жылғы түлектердің орташа жалақысы - 114 067 теңге құрады).
Жүргізілген рейтинг жұмыс берушілер 67,5%-ға білім беру бағдарламаларының өзектілігіне көңілі толатыныны көрсетті.

«Өткен жылдары осы критерий бойынша көрсеткіштер айтарлықтай төмен болған. Көп университет нарық қажеттіліктеріне қарай рейтинг сарапшыларының ұсыныстарына сәйкес бағдарламаларға өзгерістер енгізді. Қазір жұмыс берушілердің бағдарламалар сапасына қанағаттануы 12,5%-ға өскенін байқай аламыз. Мысалы, 2020 жылы өзектілік пайызы 52%, 2021 жылы - 55% және 2022 жылы - 67,5%-ды құрады», – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Сонымен қатар, 3-4-ші жыл қатарынан бағалау жүргізген сарапшылар сапаның жақсарғанын атап өтті. Бағалау білім беру бағдарламалары модулінің, элективті пәндер каталогының және силлабустардың мазмұны бойынша жүргізілді.