МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ШАҺИН МУСТАФАЕВПЕН КЕЗДЕСТІ

МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ШАҺИН МУСТАФАЕВПЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар түркі әлеміндегі ғылым саласы бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Министр Саясат Нұрбек пен академияның жаңадан сайланған президенті Шаһин Мустафаев Түркі әлемі университеттерінің бұрынғы одағының жұмысын қайта бастау және жалғастыру мүмкіндігін талқылады. Академия басшысы бауырлас елдердің ғылыми ұйымдар арасындағы әріптестік байланыстарын одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталып, осы орайда Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол гуманитарлық саладағы ортақ жобаларға қазақстандық ғалымдардың белсенді қатысатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, 2023 жылы наурыз айында Бішкек қаласында Түркі академиясына мүше мемлекеттердің Білім және ғылым саласына жауапты министрлерінің қатысуымен өтетін Ғылыми кеңестің кезекті отырысының күн тәртібі пысықталды.

Өз кезегінде министр Саясат Нұрбек Академияның бастамаларына қолдау көрсетінін жеткізіп,  алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Шаһин Мустафаев министрді сәуір айында түркі елдерінің университеттері мен ҒЗИ қатысуымен өтетін Түркі әлемі Ғылым академиялары одағының отырысына қатысуға шақырды.

Кездесу соңында Академия басшысы министрге ұйымның түркология бағыты бойынша басып шығарған еңбектерін тарту етті.