
АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиадада биатлон жарысы бойынша 15 шақырым қашықтықта жекелей сынға түскен Вадим Куралес алтын медальға ие болды. Қазақ спорт және туризм академиясының студенты Вадим Куралес нысана көздеуден бір ғана рет мүлт кетіп, 42 минут 37.4 секунд нәтиже көрсетті.
Күміс жүлде норвег Орьян Мосенгке бұйырса, қола жүлдені француз Алекс Гарнье иеленді.
Сонымен қатар тағы бір отандасымыз, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Александр Мухин алтыншы болып мәреге жетті.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғауда. Студенттер биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.