
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті. Іс-шара барысында жоғары білім және ғылым саласындағы екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Министр Даниэль Розенблюмді АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Аризона университетінің филиалының ашылуы туралы айтты.
Қонаққа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бекіткен Министрліктің негізгі басымдықтары таныстырылды.
«Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім министрлігінің алдына елдегі ғылымды, оның ішінде университеттік ғылымды дамыту бойынша міндеттер қойды. Қазіргі уақытта бірнеше қазақстандық жоғары оқу орны зерттеу жоо-сы мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар біз ғылымды коммерцияландырумен белсенді айналысып, ғылым мен бизнес арасында көпір салудамыз. Тағы бір маңызды басымдық – «500 ғалым» бағдарламасы шеңберінде тағылымдамадан өту есебінен ғалымдардың біліктілігін арттыру. Біз «Болашақ» тізіміне енгізу үшін жаңа американдық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарды қарастыруға дайынбыз», – деді Саясат Нұрбек.
Американдық тарап Вашингтондағы зерттеу университеттері қауымдастығымен ынтымақтастық орнатуды және жоғары оқу орындарының басшыларына тренингтер өткізуді ұсынды.
Сондай-ақ, тараптар жоғары білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады.