Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Мұхтар Шаханов оқулары» республикалық байқауы өтті.
Жастардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын дамытуды және көркем шығармаға деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен байқауда 21 қатысушы бақ сынады. Олар байқау шарты бойынша ақынның екі өлеңін мәнерлеп жатқа оқыды. Сондай-ақ М.Шахановтың шығармаларына жазылған әндерді орындады.
Байқау қатысушыларының шығарманы оқу мәнері, сахналық іс-әрекеті мен киімін сарапқа салған қазылар алқасының шешімімен Арқалық қаласы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтының 4-курс студенті Динара Ыдырысова мәнерлеп оқу номинациясы бойынша І орынды, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Айғаным Әуесбек ІІ орынды, Семей қаласындағы Ә.Бөкейхан университетінің студенті Зарина Рымбекова ІІІ орынды иеленді. Ал, М.Шахановтың сөзіне жазылған және сазгерлік әндерін орындау бойынша І орын Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Марлен Сәрсенбайұлына, ІІ орын ОҚМПУ студенті Абзал Әбілдабекке, ІІІ орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Мұхаммед Рзаханұлына бұйырды. Жүлдегерлер ақшалай сыйлық алды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті бұл байқауды жыл сайын өткізуді мақсат етіп отыр. Естеріңізге сала кетейік ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі. Ол 1969 жылы осы оқу ордасының филология факультетін тәмамдаған.