СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «MYTHICAL GAME JAM SU 2022» АТТЫ ОЙЫН ӘЗІРЛЕУШІЛЕРІНІҢ ЕКІНШІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «MYTHICAL GAME JAM SU 2022» АТТЫ ОЙЫН ӘЗІРЛЕУШІЛЕРІНІҢ ЕКІНШІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ
Биыл топтар «Мифология» тақырыбында ойын әзірлейтін болады. Бұл еркін тақырып, мұнда кез келген мәдениеттен бастап, қазіргі заманға дейінгі мифологияларды пайдалануға болады. Алайда түркі және қазақ мифологиясына арналған жобаларға ерекше көңіл бөлінеді.
Фестивальді шараға онлайн қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашты. Алғы сөзінде министр қатысушыларға шығармашылық табыстар тіледі.
 
«Біздің еліміз үшін геймдев сала әлі де жаңа болып табылады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан Mythical Game Jam SU 2022 ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Өздеріңізге белгілі, жас мамандардың көмегінсіз, жаңа форматсыз инновацияны дамыту мүмкін емес, сондықтан да осы фестиваль аясында ертең-ақ жаңа шешімдер қабылданатынына мен сенімдімін», - деді министр.
 
Іс-шара аясында ойын индустриясынан шақырылған спикерлердің қатысуымен конференция өтті. Ол ашық аралас форматта өтуде, барлық қалаушыларға қолжетімді. Барлық топтар үшін шебер-сыныптар ұйымдастырылды.
 
Ертең жарыс басталады: 48 сағат ішінде фестивальға қатысушылар өз ойындарын әзірлейді, ал қазылар ең жақсы жобаны таңдайды.