Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қызылорда өңіріне жұмыс сапарымен барып, облыс тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Халықпен кездесу барысында министр Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамаларына қатысты қазақстандықтардың пікірілерін білудің маңыздылығын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға басымдық беруде. Экономикалық және инвестициялық саясатта өңірлерге баса көңіл бөлініп жатқанын көріп отырмыз және жоғары білім беру жүйесі осы трендтермен үндесуі тиіс. Өйткені күшті университет – бұл жергілікті экономика мен индустрияның дамуын қалыптастыратын мықты кадрлар ұстаханасы», – деді Саясат Нұрбек.
Осы ретте ол жоғары білім мен ғылымды дамыту үшін министрлік қабылдап жатқан шаралармен бөлісті.
«Біздің бірінші бағыт – кадрларды даярлау жүйесін жергілікті қажеттіліктермен сәйкестендіру екенін атап өткім келеді. Мұнда оны іске асырудың нақты құралы – Мамандықтардың өңірлік атластарын әзірлеу. Екінші басым бағыт – университет ғылымын дамыту. Студенттерімізді жан-жақты әлеуметтік қолдау мақсатында гранттар санын көбейту, сараланған грантты енгізу, жеңілдетілген білім беру кредиттері, стипедияларды ұлғайту, жатақханалармен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырамыз», – деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, өңірлік жоғары оқу орындары жоғары білім беруді интернационалдандыруға назар аударуы тиіс. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен келіссөз жүргізді. Аталған оқу орнының филиалын ашу жоспарлануда.
Кездесу аяқталған соң Саясат Нұрбек жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.