Чехия мен Қазақстанның бірлескен төрағалығымен Болон процесі бақылау тобының (BFUG) 82-ші отырысы өтті

Чехия мен Қазақстанның бірлескен төрағалығымен Болон процесі бақылау тобының (BFUG) 82-ші отырысы өтті

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҚУАНЫШ ЕРҒАЛИЕВ БОЛОН ПРОЦЕСІ БАҚЫЛАУ ТОБЫНЫҢ (BFUG) ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Брно қаласында (Чехия Республикасы) Чехия мен Қазақстанның бірлескен төрағалығымен Болон процесі бақылау тобының (BFUG) 82-ші отырысы өтті. Жиынға Еуропалық жоғары білім кеңістігіне кіретін елдердің білім министрліктерінің өкілдері және серіктес ұйымдар – Еуропа Кеңесі, EURASHE, EUA, ENQA, ESU қатысты.

Қазақстан Республикасының атынан алғы сөзді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев алды. Ол Астана қаласында өткен BFUG кеңесі отырысының қорытындылары туралы қысқаша есеп ұсынды. Вице-министр өз сөзінде іс-шара аясында Болон процесінің параметрлері негізінде Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігін қалыптастыру мәселесі талқыланғанын атап өтті. Бұл идеяны Еуропалық Одақтағы сарапшы-әріптестер бірауыздан қолдады.

Отырысқа қатысушылар Болон процесінің параметрлерін, іргелі құндылықтар мен оқытуды іске асыру мәселелерін талқылады.

BFUG халықаралық сарапшыларының отырысында сондай-ақ, Болон процесін іске асыруды реттейтін құжаттарға, атап айтқанда, 2022-2024 жылдарға арналған Еуропалық жоғары білім кеңістігі рәсімдерінің ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды.

Іс-шараның өзекті мәселелерінің бірі 2024 жылы Албанияның Тирана қаласында өтетін Министрлер конференциясы мен жаһандық саяси форумды дайындау жөніндегі жол картасы болды. Жиынға қатысушылар алдағы екі жылға арналған жұмыс жоспарын әзірледі.

Сонымен қатар, BFUG мүшелері жоғары білімге әсер еткен ағымдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлерді талқылап, ұлттық саясат бойынша пікір алмасты.

82-ші отырыс соңында BFUG халықаралық консультативтік сарапшы мүшелерінің атқарған жұмысы туралы қысқаша есеп тыңдалды.