МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша кеңсесін тұрақты дамыту секторының басшысы Джейн Эбингермен кездесті. Тараптар қазақстандық ғылымның дамуын талқылады.

Кездесу барысында Джейн Эбингер бүгінгі таңда ғылым адамдарға түсінікті және танымал болып келе жатқанын, осы үрдісті қолдау үшін Дүниежүзілік банк көптеген гранттар бөлетінін атап өтті. Ол үш бағыттан тұратын бағдарлама ұсынды: ғылымды корпоративтік Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) ғаламдық желісіне интеграциялау, университеттік ғылымды дамыту және технологиялар алмасу орталығы (университеттерге ғылыми жабдықтар жеткізу, стартаптар үшін ғылыми орта құру).

Саясат Нұрбек ғылыми саладағы айқын кедергілердің ішінде зертханалар мен жабдықтардың қымбаттығы мен тапшылығын, оның ішінде өңірлік бәсекелестікті де атап өтті. Осы және басқа да себептерге байланысты  қазіргі уақытта елімізде металлургия, аграрлық және энергоресурстар сынды бағыттарға басымдық берілуде.

«Бизнес ғылымды түсініп, қолдай бастады. Ғылыммен айналысатын адамдар және ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне қызығушылық танытатын кәсіпкерлер бар. Қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша 5000 студент шетелде білім алып жатыр. Біз олардың мол тәжірибе жинақтап, оң нәтижемен келетініне сенімдіміз. Ал біздің міндетіміз – оларды әрі қарай ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту және қызықтыру», – деді министр.

Кездесу соңында тараптар ғылымды дамыту саласындағы ынтымақтастықты қолдауға келісті.