
Бүгін Алматы қаласында «Ауыл және шалғайдағы елді-мекендерде ақпаратты-коммуникациялық технология (АКТ) көмегімен дағдыларды дамыту» тақырыбында CASIE-2022 Білім берудегі АКТ бойынша Орталық Азия симпозиумы ашылды. Симпозиумның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Камиль Ақатов қатысты.
Симпозиумға қатысушылар ауыл және шалғай елді-мекендерді білім алуға түгел қамту және білім сапасына байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған саяси және практикалық шараларды талқылады.
«Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында экономикамыздың цифрлық трансформациясын іске асыру үшін 100 мың жоғары білікті ІТ мамандарды даярлауды, цифрлық теңсіздік мәселесін шешуді, сонымен қатар қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуды тапсырды. Басты назар ауылдық жерлерде және шалғай аудандарда интернет сапасы мәселелерін шешуге, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде қашықтан білім беру тәсілдерін іске асыруға аударылады. Педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, білім беру процесінде цифрлық ресурстарды, онлайн цифрлық сервистерді пайдалануды оқыту бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізу жеке бағыт болды», – деп атап өтті вице-министр Камиль Ақатов.