
Бүгін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырылды.
Биыл байқауға 75 қатысушыдан 153 материал ұсынылды.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, марапаттады.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы асыл мұрасы ғылымның сара жолын ашып, мәдениетімізді жаңа биіктерге көтерсе, Сіздер бүгін сол Алаш зиялылары бастаған ұлт баспасөзінің дәстүрін сәтті жалғастырып, рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі мемлекеттік тілімізді насихаттауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосып келесіздер», – деді Талғат Ешенқұлов.