
Еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына қажетті заттар мен азық-түлік жинап жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері гуманитарлық көмек жинайтын арнайы штаб құрды. Онда Алматы тұрғындары азық-түлік пен киім-кешек, сондай-ақ қажетті заттарды жинап жатыр. Сонымен қатар, ҚазҰУ өрттен зардап шеккен аудандардан келген студенттерге психологиялық, материалдық көмек көрсетеді. Оларға жатақханалардан орын беріледі.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жастар орталығының кеңсесінде Қостанай облысының тұрғындарына жылу жинау пункті ашылды.
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті де өрттен зардап шеккен студенттердің отбасыларына көмек жинайды.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ұжымы зардап шеккен қостанайлықтарға азық-түлік жіберді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жедел түрде штаб құрылып, оған өңір тұрғындары киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық құралдарды, төсек-орын жабдықтарын өткізе бастады. 10 тоннадан астам азық-түлік жиналды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Шәкәрім атындағы университет, Сафи Өтебаев атындағы мұнай-газ университеті, Нархоз Университеті, Қазақ ұлттық қыздар универистеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ұжымдары Қостанай облысында зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын жолдады.