
Республика күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік жиында министрлік қызметкерлері мен ғылым және жоғары білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық мерекемен құттықтап, адам капиталын дамыту, сапалы білім беру мен ғылымды өркендетудің ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды.
«Президентіміз атап өткендей, адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Ата Заңда адам капиталын, білім беру жүйесін, ғылымды және серпінді инновацияларды дамыту басымдықтарының жоғары конституциялық деңгейде бекітілуі – маңызды қадам. Бұл ел дамуының жаңа бағдарларын айқындап, оның өзегіне адамды, оның білімі мен кәсіби құзыреттерін, зияткерлік әлеуетін толық іске асыру мүмкіндігін қояды. Отандық ғылым мен жоғары білім саласы үшін бұл өзгерістер сапалы кадрлар даярлауға, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын дамытуға және озық инновацияларды енгізуге қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді», – деді министр.
Биыл Республика күні ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып жатыр. Мемлекет басшысы білім беру саласын жан-жақты дамытуды маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Соңғы жеті жылда жастардың жоғары білім алуына жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 655 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Бұл шаралар жастардың таңдаған мамандығын меңгеруіне, қабілеттерін дамытуына және кәсіби әлеуетін іске асыруына мүмкіндік береді.
Бүгін Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты рәсімде Президент елдің өркендеуіне үлес қосқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында білім беру мен ғылым саласының 270-ке жуық өкілі бар.
Министрліктегі салтанатты іс-шара аясында ғылым мен жоғары білімнің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, сондай-ақ «Қаныш Сәтбаев», «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» және «Еңбек ардагері» ведомстволық наградалары табысталды.
Марапат иелерін құттықтай отырып, министрлік ұжымы барша әріптестерге зор денсаулық, отбасыларына амандық пен бақ-береке, кәсіби қызметте толағай табыс тілейді.