Қазақстан NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құруды ұсынды

Қазақстан NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құруды ұсынды

Қазақстан NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құруды ұсынды

Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангпен кездесу өтті. Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Qazaq AI Research University (QAIRU) алаңында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау нәтижелерін және NVIDIA компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарды таныстырды.

Басты бастамалардың бірі – Қазақстанда NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект пен симуляциялық технологиялар жөніндегі өңірлік орталығын – NVIDIA Physical AI Hub құру ұсынысы. Physical AI Hub Орталық Азиядағы университеттердің білім беру және ғылыми әлеуетін, NVIDIA компаниясының технологиялық мүмкіндіктерін және экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған.

Физикалық жасанды интеллект (Physical AI) – интеллектуалды жүйелерді практикада қолдануға мүмкіндік беретін, қарқынды дамып келе жатқан ЖИ бағыттарының бірі. Бұл технологиялар физикалық үдерістерді модельдеуге, робототехникалық жүйелерді үйретуге, инженерлік шешімдерді виртуалды ортада сынақтан өткізуге және өнеркәсіптік нысандардың цифрлық егіздерін жасауға мүмкіндік береді.

Министр өз сөзінде Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды және мамандар даярлау жүйесін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. Бұл жасанды интеллект технологияларын меңгеруден бастап, отандық технологиялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге көшуге негіз қалайды.

«Біз физикалық жасанды интеллект, цифрлық егіздер және симуляциялық модельдеу технологияларын Қазақстанның өнеркәсіптік секторының болашағы мен ақылды қалаларды дамыту үшін аса маңызды негіз ретінде қарастырамыз», – деді Саясат Нұрбек.

Есептеу инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Екібастұздағы Data Center Valley жобасына GPU-инфрақұрылымды интеграциялау қарсаңында Қазақстан NVIDIA компаниясымен өзара іс-қимылды кеңейтуді ұсынады. Бұл инфрақұрылымдық ынтымақтастықты Omniverse платформасымен және компанияның басқа да озық технологияларымен жұмыс істей алатын мамандарды жүйелі даярлаумен толықтыруды көздейді.

Ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз ретінде Саясат Нұрбек жоғары білім беруді цифрлық трансформациялауға бағытталған ұлттық бастамалардың нәтижелерін таныстырды. Coursera платформасымен серіктестік аясында белсенді пайдаланушылар саны 255 мыңнан асты, ал серіктес университеттер саны 100-ден асты. Платформада меңгерілген курстар бойынша 211 мыңнан астам академиялық кредит Мемлекеттік тізілімде танылды. AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында жасанды интеллект бойынша 127 мыңнан астам мамандандырылған сертификат берілді.

Министр Қазақстан университеттерінде ChatGPT Edu платформасының енгізілуіне, Huawei ICT академиялары желісінің дамуына және халықаралық академиялық серіктестіктің кеңеюіне де тоқталды. Оның ішінде АҚШ университеттерімен агрогеномика, мұнай-газ инжинирингі және тау-кен ісі бағыттарындағы ынтымақтастық бар. Бұл бастамалар Қазақстанның білім беру және технологиялық шешімдерді ұлттық деңгейде кеңейту мүмкіндіктерін көрсетеді.

Ұсынылып отырған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламасын дамыту. Пилоттық кезеңде Қазақстанның 12 техникалық жоғары оқу орнының өкілдері бастамаға қатысып, төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры мәртебесін алды. Олардың даярлығы халықаралық білім беру тәжірибесін таратуға, практикалық сабақтар өткізуге және студенттердің жеделдетілген есептеулер, деректерді өңдеу мен жасанды интеллект салаларындағы құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Алдағы ынтымақтастық аясында NVIDIA DLI Ambassador бағдарламасын кеңейтіп, болашақта 100-ден астам университетті қамту ұсынылады. Негізгі басымдықтар оқытушыларды даярлау және сертификаттау, NVIDIA оқу материалдарын бейімдеу, сондай-ақ мамандандырылған курстарды қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу болмақ.

Ұсынылып отырған NVIDIA Physical AI Hub орталығын қазақстандық университеттердің, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының және технологиялық серіктестердің қатысуымен QAIRU базасында құру жоспарланып отыр. Орталық аясында NVIDIA DLI өңірлік алаңын, университеттік зертханалар желісін және NVIDIA Omniverse пен Isaac технологиялары негізінде шешімдер әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлескен алаңдарды дамыту көзделеді.

Жұмыстың басым бағыттарына тау-кен өнеркәсібі, энергетика және көлік салаларына арналған цифрлық егіздерді жасау, робототехника мен автономды жүйелерді дамыту, сондай-ақ физикалық және өнеркәсіптік жасанды интеллект салаларында инженерлер мен зерттеушілер даярлау кіруі мүмкін.

Студенттердің инженерлік командаларын кәсіпорындардың практикалық міндеттерін шешуге тарту ерекше маңызға ие. Университеттік зертханаларда прототиптерді сынақтан өткізу, өндірістік үдерістерді модельдеу және кейіннен өндіріске енгізу мен коммерцияландыруға бағытталған технологияларды әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Бастаманы іске асыру мамандар даярлауды, ғылыми зерттеулерді және технологияларды өнеркәсіпте қолдануды біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Болашақта орталық физикалық ЖИ саласындағы құзыреттерді дамытуға және қазақстандық технологиялық шешімдерді Орталық Азия нарықтарына шығаруға арналған өңірлік алаңға айналуы мүмкін.

Алдағы келіссөздер аясында NVIDIA компаниясымен орталықтың ұйымдастырушылық моделін, технологиялық серіктестіктің форматтарын және білім беру, ғылыми-зерттеу әрі өнеркәсіптік жобаларды бірлесіп іске асыру мүмкіндіктерін талқылау ұсынылады.